Жобалық басқаруды дамытудағы мәселелер

1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі А.Ахметовтың төрағалығымен жобалық менеджментті дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. 

Жобаларды басқару – еліміздің саяси күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. 

2020 жылы 21 қазанда реформалар бойынша өткен Жоғарғы Кеңес отырысында Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Жоғарғы Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ұлттық жобаларды іске асыру, реформаларды жобалық басқару қағидаттарын енгізу маңызды», – деп атап өтті.

Қазақстандағы жобаларды басқару жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық экономика министрлігі болып табылады, ол мемлекеттік аппараттың қызметіне жобаларды басқаруды енгізу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізеді (оқыту, үйлестіру, әдістемелік қамтамасыз ету, ұсыныстар әзірлеу). 

1,5 жыл ішінде орталық мемлекеттік органдардың 23 жобалық кеңсесі және жергілікті атқарушы органдардың 17 жобалық кеңсесі құрылып, жұмыс атқаруда.

2021 жылдың ақпанында Ұлттық жобалардың іске асырылуын бақылау басқармасы құрылды, 2022 жылдың мамырында ол Цифрлық үкімет кеңсесінің матрицалық құрылымына енді.

2022 жылдың қыркүйегінде Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі басқармасына қолдау көрсету мақсатында Цифрлық үкіметті қолдау орталығының құрамында Жобалық қызметті қолдау орталығы құрылды.

Шараға қатысушылар жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың бірқатар жобалық кеңселерінің жұмыс нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 мамырдағы №358 қаулысымен бекітілген Жобалық менеджментті жүзеге асыру қағидалары талқыланды.