«Таза парақтан реттеу» жобасын бизнес өкілдерімен талқылау

Бүгін цифрлық даму министрі Бағдат Мусин және Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінің қатысуымен «Таза парақтан реттеу» жобасы бойынша брейнштурминг сессиясы өтті.

Қазіргі уақытта бақылаудың барлық бағыттары бойынша рисктерді басқару жүйелері қалыптастырылды және міндетті талаптардың тізілімдері анықталды.

«Рисктерді басқару жүйесі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жиналған деректер негізінде құрылуы керек. Бұл деректер экономикалық қызметтің әртүрлі салаларындағы проблемалық аймақтарды анықтау үшін пайдаланылуы қажет», - деді Бағдат Мусин.

Цифрлық трансформация орталығының командасы рисктерді басқару жүйелері негізінде ұсынылатын қызметтерді дамыту, сондай-ақ тексерулерді тағайындау туралы автоматты түрде хабарлау мүмкіндігін көрсетті. Бизнесті бастау циклін туристік оператор мысалында қарастырды.

Бүгінгі кездесу бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың өзара әркеттесіп, бизнесті ашу, есеп беру және тексерулердің өткізілуі бойынша сындарлы ұсыныстардың берілуімен нәтижелі болды.

МИБ: мәселелер мен шешімдер 

Дәл осы тақырыпта бүгін Ситуациялық орталықта Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, Индустрия вице-министрі Динара Щеглова, сондай-ақ ТКШ, МИБ, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен брейншторминг сессиясы өтті.  

ПИК және басқа да басқару нысандарынан МИБ-қа көшу процестері екі жыл бұрын басталған болатын, алайда бұл процесс өте баяу жүріп жатқаны жасырын емес.   

Бағдат Мусин процеске кедергі келтіретін бірнеше мәселелерді атап өтті: «Процестер толық реттелмегендіктен, Реформаның жүзеге асырылуына кедергі келтіруде. Мәселе МИБ қызметіне қалай кірісу қажет екендігі жайлы біртұтас мемлекеттік механизмнің жоқтығында. Бағдарламалар өте көп, бірақ олардың әрқайсысы тіркеуге қатысты белгілі бір мәселелердің шешімдерін әртүрлі етіп көреді».  

Бүгінгі таңда МИБ құру үшін, заңды тұлға – коммерциялық емес ұйымды тіркеу қажет. Одан әрі бір жылға сайланатын төрағаны таңдау қажет. 

МИБ тіркеу үшін пәтер иелері: 

  • МИБ-ті құру бойынша жиналыс өткізу;
  • меншік иелерінің арасынан үш жылдық мерзімге үй кеңесін, сондай-ақ бір жылға МИБ төрағасын таңдау (заңды тұлға); 
  • үш жылдық мерзімге тексеру комиссиясын немесе ревизорды сайлау;
  • МИБ жарғысын бекіту;  
  • МИБ-ті ХҚО-ға тіркеу туралы құжаттарды ұсыну қажет.

Меншік иелерінің жиналысы мен дауыс беру кезеңдерінде-ақ бірінші мәселелер туындайды. Іс-шарада жүргізілген талқылаудың нәтижесі бойынша дауыс берудің бірыңғай құралы ретінде eGov Mobile мобильді қосымшасының функционалын пайдалану ұсынылды.

Жобалық басқаруды дамытудағы мәселелер

1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі А.Ахметовтың төрағалығымен жобалық менеджментті дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. 

Жобаларды басқару – еліміздің саяси күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. 

2020 жылы 21 қазанда реформалар бойынша өткен Жоғарғы Кеңес отырысында Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Жоғарғы Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ұлттық жобаларды іске асыру, реформаларды жобалық басқару қағидаттарын енгізу маңызды», – деп атап өтті.

Қазақстандағы жобаларды басқару жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық экономика министрлігі болып табылады, ол мемлекеттік аппараттың қызметіне жобаларды басқаруды енгізу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізеді (оқыту, үйлестіру, әдістемелік қамтамасыз ету, ұсыныстар әзірлеу). 

1,5 жыл ішінде орталық мемлекеттік органдардың 23 жобалық кеңсесі және жергілікті атқарушы органдардың 17 жобалық кеңсесі құрылып, жұмыс атқаруда.

2021 жылдың ақпанында Ұлттық жобалардың іске асырылуын бақылау басқармасы құрылды, 2022 жылдың мамырында ол Цифрлық үкімет кеңсесінің матрицалық құрылымына енді.

2022 жылдың қыркүйегінде Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі басқармасына қолдау көрсету мақсатында Цифрлық үкіметті қолдау орталығының құрамында Жобалық қызметті қолдау орталығы құрылды.

Шараға қатысушылар жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың бірқатар жобалық кеңселерінің жұмыс нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 мамырдағы №358 қаулысымен бекітілген Жобалық менеджментті жүзеге асыру қағидалары талқыланды.